Нашар көретіндерге арналған нұсқа

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚАҒИДАСЫ

12.10.2018

ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚАҒИДАСЫ

  Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2001 жылғы 19 маусымдағы
N 836 қаулысымен
бекітілген          

Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидасы

      Ескерту. Қаулы Қағидамен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 2011.08.27 N 972 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1772 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

   1. Жалпы ережелер

         1. Осы Қағида жастар практикасын ұйымдастыру, қаржыландыру және оның шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру тәртібін айқындайды (бұдан әрі – Қағида).
2. Жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған түлектер және осы жұмыс орындарын ұйымдастырған жұмыс берушілер туралы мәлімет «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.

   2. Жастар практикасын ұйымдастыру

      3. Жастар практикасы жұмыс берушілерде олардың меншік нысанына қарамастан ұйымдастырылады.
4. Жастар практикасы уақытша жұмыс орындарын құру арқылы ұйымдастырылады және мынадай ерекшеліктері бар:
1) арнайы түлектердің алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына арналған;
2) жастар практикасына қатысушыларға еңбекақы төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі;
3) жұмыс орындарының саны шектелмеген, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос жұмыс орындарын пайдалануға болмайды;
4) жолданатын түлектер уәкілетті органда және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге және олардың жасы 29-дан аспауға тиіс;
5) жолдама беру сәтінде жолданатын азаматтар үшін уәкілетті органда және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығында лайықты тұрақты жұмыс болмаған болуы керек.
5. Уәкілетті орган және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру мәселелері бойынша жұмыс берушілерге консультация береді;
2) жыл сайын, 10 қаңтарға дейінгі мерзімде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс берушілерден осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім жинауды жүзеге асырады;
3) барлық ұсынылған өтінімдер үш жұмыс күні ішінде бірыңғай тізбеге жинақталып, тиісті ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкілетті органына қарауға және бекітуге ұсынылады.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 2012.03.30 N 378 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
6. Ауданның (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкілетті органы жыл сайын тізбені алғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде өзінің шешімімен өңірлік еңбек нарығындағы қажеттілікке сәйкес жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс берушілердің тізбесін бекітеді және қажеттігіне қарай оны жаңартып отырады.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 2012.12.29 № 1772 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
7. Уәкілетті орган және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығы бекітілген тізбеге сәйкес осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмыс берушімен жастар практикасын қаржыландыру туралы шарт жасайды.

   3. Жұмыссыз азаматтарды жастар практикасына жіберу

      8. Уәкілетті орган және/немесе халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) жұмыссыз азаматтарға жастар практикасынан өтуге байланысты мәселелер бойынша консультация береді;
2) жастар практикасынан өту үшін түлектер қатарындағы жұмыссыз азаматтарды жасалған шарттарға сәйкес және кәсіптік білімін ескере отырып, жұмыс берушілерге жібереді.
9. Түлектер жастар практикасына он екі ай кезеңінде бір рет қатыса алады және жұмыссыз ретінде тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.
10. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушылармен жасалған шарттардың және оларды жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмелерін уәкілетті органға немесе халықты жұмыспен қамту орталығына ұсынады.
11. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жастар практикасына қабылданған түлек жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін тұрақты жұмысқа қабылдануы мүмкін. Бұл ретте жұмыс беруші уәкілетті органға немесе халықты жұмыспен қамту орталығына тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
12. Жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жастар практикасына қатысушының талабы бойынша практикадан өту туралы пікір (ұсыным хат) береді.

   4. Жастар практикасын қаржыландыру

      13. Жастар практикасын қаржыландыру жастар практикасынан өту үшін құрылған жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан түлектерге еңбекақы төлеуге мемлекеттік бюджеттен қаражат беруді қамтиды.
14. Жастар практикасын қаржыландыруды жұмыс берушілермен жасалған шарттар негізінде, ай сайын қаржыландырудың бекітілген жоспарларына сәйкес және осы мақсаттарға аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) бюджеттерінде көзделген сома шегінде уәкілетті органдар жүзеге асырады.
15. Уәкілетті орган жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарына орналастырылған түлектерге еңбекақы төлеуді ай сайын, жұмыс берушінің осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ұсынған мәліметтері негізінде, нақты орындалған жұмыс уақыты үшін еңбек шартында белгіленген мөлшер негізінде жүргізеді және жастар практикасына қатысушылардың екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке есеп шоттарына ақшалай қаражат аудару арқылы жүзеге асырады.

   5. Жастар практикасын ұйымдастыру туралы есептілікті ұсыну

      16. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 2-күніне облыстардың уәкілетті органдарына Қазақстан Республикасының статистика саласындағы уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша есеп береді. Аталған есепте:
1) жастар практикасы шеңберінде құрылған жұмыс орындарына орналастырылған түлектердің саны туралы;
2) жастар практикасы шеңберінде құрылған жұмыс орындарына орналастырылған адамдар жалақысының орташа айлық мөлшері туралы мәліметтер қамтылады.
17. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) уәкілетті органдары ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 4-күніне орталық атқарушы органға өңір бойынша Қазақстан Республикасының статистика саласындағы уәкілетті органы бекіткен нысан бойынша тиісті жиынтық есепті ұсынады.