Нашар көретіндерге арналған нұсқа

Жастар жылы -2019

04.12.2018

Нұрмұһаммед ИСАҚ: Патент үшін Орталық базарда бес ай жүк тасыдым!

Келер жылы Елбасының бастамасымен «Жастар жылы – 2019» деп жарияланды. Осыған орай, ел арасындағы дарынды жастарды халыққа паш ету міндетіміз.

  • Өзіңмен таныса отырсақ ? Атың ерекше екен?

  • Нұрмұһаммед Талғатұлы. Туған өлкем Шымкент қаласы. Жанұямызда әкем, анам, інім, қарындасым бар. Атымның ерекшелігі, ата-анам жаңадан үйленген кезде Қыдыр ата анама «ұлды боласың, балаңның атын Мұһаммед қой» депті. Анам “Қыдыр атаны көрдім” – депті әкеме. Әкем мешітте имамнан сұрағанда “Мұһаммед (с. а. у.) пайғамбарымыздың атын қойғанда нәрестеге ауыр, алдына Нұр деп қосыңдар!” депті. Содан Нұрмұһаммед болдым. Тегім Исақ, ол кісі менің бабам. Достарым кейде Исаак Ньютон деп әзілдейді.

  • Қай жерде білім алдың және жобаң туралы білсек?

  • Мектепті Астана қаласында оқыдым. Қазақ технология және бизнес университетінің түлегімін. Ғылымға мектептен қызықтым, универде ғылыми жұмыстарға көп ат салыстым. 2-3 жыл бұрын танымал кісілердің афоризмдері автобуста мониторда көрсетілген еді. Міне, жобам да автобусқа арналған. Негізгі ой “позитивті суреттер”, музыкамен қоғамға жақсы көңіл-күй сыйлау. Мұны көзбен көріп, құлақпен естігеннің өзінде әр адамның көңіл-күйі 20% дейін көтеріледі. Қоғамдық көліктегі азаматтарымыз және қала қонақтарына осындай дүние жасағым келді. Кейде, адамдардың шаршағаны, үй-күйі, денсаулығы жоқ, мұңды екенін көресіз. Халықтың шаршағанын, мұңын ұмытқызып, позитивті көңіл-күй сыйлап, өмірге деген көзқарастарын жақсы жағына өзгертсем деген арман. Патент үшін Орталық базарда бес ай жүк тасыдым. Мыймен, жүрекпен жасаған еңбегім далаға кетпесін деп, ауыр жұмысты да көрдім. Армандаған құжатым қолыма тиген соң «Аstana-LRT» компаниясына бардым. Тікелей бастығымен кездесіп жобамды таныстырдым… Енді жобамның ары қарай не болары уақыт еншісінде.

  • Жақында Елбасымен түскен суретіңді байқадым…

  • 6 қараша күні Елбасымен Astana Hub Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің ресми ашылуында суретке түстім. Сол технопарктің ресми мүшесімін. Ол жерге мүше болып қабылдануым, осыдан 6 ай бұрын «100 стартапов» жобасына жұмыстарымды жібердім. Ол жерден шақырту алдым. Жобам «Дефектоскоп-360 градус» адам өміріне қауыпсіздігіне арналған еді. Шамам жеткенше орысша, ары қарай қазақ тілінде жуап бердім. Сөйтіп, жобам оң бағасын алды. Сарапшылардың көп сұрақ қойғаны, оларға менің жобамның қызық болғаны деп санадым!

  • Қазіргі жастардың білімге деген құштарлығына көңілің тола ма?

  • Елбасымыз Н. Назарбаев “оқысын, білімді болсын, келешегіміз жастардың қолында” деп айтқаны бар. Неге оқымасқа, елін, жерін тастап шетелде оқып жатқан қаншама қазақ балалары бар. Негізі білім алам деген жасқа барлық жағдай жасалған. Әр адамның санасына байланысты болар?!

  • Жастарға айтатын тілегің?

  • Өздеріңе деген сенімді күшейтіңдер, алға деп биік шыңдарға ұмтылып, еңбектеніп, қойған мақсаттарыңа жетіңдер. Ең бастысы, денсаулығымыз зор болсын, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын.

  • Арманың?

  • Арманым…(ойланып қалды-авт.) Ата-анам аман-есен, денсаулықтары мықты болса, ауырмаса, Алла бұйыртса Меккеге қажылыққа апарсам деймін. Ата-анамның үмітін ақтасам, оқуымды бітіріп, еліме адал еңбек етсем сол менің арманым.

  • Қоғамда нені өзгертсек болады?

  • Қоғамда тәртіпті, тазалықты өзгерткім келеді. Бір-бірлерін сыйлау, құрметтеу, өзінің ауылын, қаласын шын жақсы көріп, таза ұстау. Қазақстан дүние жүзіне экология жағынан ең таза, әрі көгалданған мемлекет қатарына қосылса деймін.

  • Өзекті мәселе.

  • 1- мәселе – адам денсаулығы, дәрі-дәрмектер қол жетімді болса. 2- мәселе ауылды жерлерге таза ауыз суымен қамтамасыз етілсе. 3- мәселе таңертең сабаққа кірер бұрын 10 минуттық гимнастиканы заңға енгізгім келеді!

  • Сұхбатыңа рахмет!

 

 

Астана қаласы

Халықты жұмыспен қамту орталығы,

Сәния СҮЛЕЙМЕН