Жұмыспен қамту орталығы арқылы 19 мыңнан астам адам жұмыс тапты

25.12.2020

Халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі түрде жұмыс жасайды. Мекемеге жұмыссыздар ғана емес, пробация қызметінде есепте тұрғандар, мүмкіндігі шектеулі жандар да жүгінеді. Жоғары білімі жоқ тұрғындар талап етілетін мамандықтар бойынша курстан өтеді.

Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, жаңа мамандық игергендердің бірі – Айгүл Қасенова. Осы жылы ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «наубайхана» кәсіптік оқыту курстарын бітірді. Қазір ол оқу кезінде өндірістік тәжірибеден өткен «Уашева Дана» ЖК наубайханасында жұмыс істейді.

– Шын жұмыс іздеген адам табады. Оның үстіне қазір сұранысқа ие мамандықты алуға да, бірден жұмыс табуға да мүмкіндіктер көп, – дейді Айгүл Қасенова.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту орталығы өтініш берушілерді жұмыспен қамту аясын кеңейту мақсатында жұмыс берушілермен үнемі байланыста. Бос орындар күн сайын жаңартылып отырады. Енді пандемияға байланысты орталықтың қызметтерін қашықтан пайдалануға болады. Осы мақсатта электронды еңбек биржасы мемлекеттік ақпараттық порталы жұмыс істейді (www.enbek.kz).

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары порталға тіркеліп, бос жұмыс орындарын таңдайды немесе жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындау қызметтерін пайдалана алады.

Толық ақпарат пен мамандар кеңесін алу үшін орталықтың жұмыспен қамту бөліміне 8 777 116 82 768 777 116 82 73 телефондары арқылы хабарласуға болады.